12:30 09.08.2007 | Все новости раздела "Партия "Настоящий АК ЖОЛ""
Лидер Общенациональной социал-демократической партии (ОСДП) Жармахан Туякбай дал интервью в программе «Бетпе-бет»
Жүргізуші Берік Уәли:- Кеш жарық! Тікелей эфирде «Бетпе-Бет». Студияда Берік Уәли. Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына тура 11 күн қалды. Бүгінгі «Бетпе-бет» бағдарламасының қонағы - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза. «Бетпе- бетке» қош келдіңіз!Бірден естеріңізге сала кетейін бүгінгі бағдарламаның ақысы Орталық сайлау комиссиясының сайлау қорынан төленді. Сондай-ақ, «Бетпе-бетке», әдеттегідей, телефон арқылы көрермендер сауалы қабылданбайды. Есесіне электрондық поштамыз жұмыс істеп тұр. Сол арқылы сауалдарыңызды жолдауларыңызға болады. Себебі алдын-ала бекітілген тәртіп солай. Бұл талап «Бетпе-бетке» қатысатан барлық партиялардың жетекшілеріне бірдей. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша әр саяси партия бағдарламаның қай тілде өтетінін өзі таңдады. Барлық 7 партияның жетекшілері 1 уақытта, яғни, кешкі сағат тоғыз жарымда эфирге шығады. Бағдарлама, әдеттегідей, 20 минут эфирде жүреді. Қысқасы, барлық саяси партияларға бірдей мүмкіндік беріліп отыр. Сауалдарыңыз болса, электрондық поштаға қазірден жолдай берулеріңізге болады.Жармахан мырза, сайлауалды тұғырнамаларыңызбен таныстырсаңыз. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қандай негізгі қағидаларды басты етіп алдына ұсынып отыр? Жармахан Тұяқбай:- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мерзімнен тыс, аяқ астынан жарияланған сайлауға ең басты бір проблеманы көтеріп келіп отыр. Ол проблема бүгінгі экономикалық әлеуеті өте зор Қазақстандағы халықтың басына түскен екі тағдыр. Бірі азғантай ғана халықтың тобының жылқыға бай болуы. Қалған жалпы қара халықтың кедейшілік қалпында өмір сүріп жатқаны. Міне, осы проблемаларды шешудің, осы проблемалардың себебі неде екендігін талдау арқылы біз 7 мәселені көтеріп отырмыз, өз бағдарламамызда. Оның біріншісі бүгінгі біздің елдегі жалпы биліктің, шенеуніктердің осынша жүгенсіз кеткендігі. Олардың сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батуының себебі неде? Онымен күрестің жолы қандай? Оны қалай жеңу керек? Біріншіден, осы мәселеге жауап беру. Біздің ойымызша, бұл мәселені шешу үшін бүгінгі халықтан тыс халықтың алдында жауап бермейтін, халықтың алдында жауапкершілік сезінбейтін билік жүйесін өзгерту. Халықтың бақылауында болатын, халықтың алдында есеп беретін билік жүйесін құру. Сол арқылы сыбайлас жемқорлықты, шенеуніктердің озбырлығын тоқтату үшін, қатаң тәртіп орнату керек. Халыққа еркіндік беріп, билікке тәртіп орнату керек. Жүргізуші:
- Екінші? Жармахан Тұяқбай:- Екінші мәселе, біздің айтатынымыз, бүгінгі халықты қатты алаңдатып отырған экономикалық жағдайда зейнетақыны қанша көтергенменен баға мен тарифтердің шарықтап өсіп бара жатқандығы. Оның себептері не? Оны қалай тоқтату керек? Міне, осы мәселені де біз үлкен проблема ретінде көтеріп, оны талдап, оны шешу жолдарын өз бағдарламамызда анық көрсетіп отырмыз. Үшінші мәселе ол бүгінгі күні сын көтермейтін біздің елдегі білім мен денсаулықтың жағдайы. Қайсы адамнан сұрасаң да бәрінің айтатыны - бүгінгі денсаулықтың сапасы, халықтың денсаулығының деңгейі, білімнің деңгейі, жоғары білім алып, жұмыссыз жүрген жастардың қарасы. Сондықтан, осы проблемаларды шешудің жолында біз, ең бірінші айтатынымыз, мынау мемлекеттегі білім беру жүйесіндегі шексіз реформаларды тоқтатып, нақты, тұрақты білім беру, медициналық көмек көрсету стандартын жасау керек. Сол арқылы халыққа білімді мемлекеттік оқу орындарында тегін беріп, халыққа медициналық көмекті мемлекеттік денсаулық сақтау орындарында тегін беріп, сол стандарттарға сәйкес, халықтың денсаулығын көтеру. Сол арқылы халықтың өмір сүру ұзақтығын ұзарту. Бүгін өзіңіз байқайсыз ба, біздің ер азаматтар 60-тың о жақ, бұ жағында өмір сүреді. Әйел адамдар 65-62-нің арасында. Бұл басқа елдермен салыстырғанда біздің елдегі денсаулықтың жағдайының анық көрсеткіші деп білемін. Төртінші мәселе сонымен бірге бүгінгі зейнеткерлікке шығудың проблемалары, зейнетақының деңгейі. Дүниежүзіндегі сарапшылардың айтуынша, зейнетақының орташа мөлшері жалпы орташа жалақының, кем дегенде, 50 пайызы болу керек. Ал, біздің елде 25-ақ пайыз. Онымен зейнеткер өмір бойы жұмыс істеп ертеңгі күні қалай күн көреді. Коммуналдық қызметті қалай төлейді? Денсаулығын қалай жөндейді? Мен жаңа қарт азаматтардың басқа елге барып, денсаулығын сақтап, шипажайға барып жүргенін айтып отырған жоқпын. Жай ғана қарапайым өмір сүру үшін, бүгінгі зейнетақының мүмкіншілігі жоқ. Сонымен бірге айтатынымыз біздің халқымыздың өмір сүру деңгейі осындай төмен болған соң, зейнеткерлеріміз неге зейнетке 63-те шығуы керек?! Әйел азаматтар неге 58-де шығу керек?! Онда қарап көрсеңіз, зейнеткерлікке шықпай жатып өмірден өтіп жатқан талай азаматтар бар. Сондықтан, біз қайтадан ер азаматтардың 60, әйел адамдардың 55 жастан зейнеткерлікке шығуын талап етеміз. - Келесі? Жармахан Тұяқбай:- Бесінші мәселе ауылдың проблемасы. Оны да жақсы білесіздер. Осы реформалардан ең қатты зардап шеккен ауыл. Ауылда жұмыстың жоқтығы. Сондықтан ауыл жастарының түгелдей қалаға көшіп жатқандығы. Оларға ешқандай жағдай жасалмай жатқаны. Ауылдағы кәсіпкерліктің, ауылдағы ауылшаруашылық кәсіпорындарының жұмыс орындарын жасау бағытындағы іс-әрекеттерінің қаншалықты мемлекет жағынан қамқорлық көріп отырғандығы. Мемлекет жағынан ешқандай қамқорлық жоқ. Жүргізуші:
- Ауылды көтеруде Сіздердің тараптарыңыздан нақты қандай ұсыныстар бар? Жармахан Тұяқбай:- Біз айтып отырмыз, бірінші, ауылды көтеру мәселесі бойынша мынандай кешенді бағдарлама қабылдау керек. Ауылды көтеру үшін, ауылдағы инфраструктураны жөндеу үшін, ауылдағы әлеуметтік нысандарды жөндеу үшін, ауылдағы кәсіпкерлерге тиісті мемлекеттік жәрдем беру үшін барлық дамыған елдердің өзінде, мәселен, ауылшаруашылық дотация, субсидиясыз ауыл шаруашылығы жоқ. Барлық жерде дотация мен субсидия беріледі. Біздің ел ауылшаруашылығының дамығаны соншалық дүниежүзілік деңгейден артық па? Жоқ. Артық емес. Сондықтан, оған тиісті мемлекеттік қамқор, мемлекеттік көмек болу керек. Ол жаңағы 3 жыл, 5 жыл емес, ол түбегейлі осы ауылшарушылығы толық аяғынан тұрып кеткенше ондай көмек бағдарламада көрсетілу керек. Оған бөлінетін ақша, кем дегенде, осы 2008-дің өзінде 3 есе көбеюі керек деп есептейміз. Екінші мәселе, ауылдан қалаға көшіп келетін жастар. Қандай күн көріп отырғанын білесіздер. Не баспанасы жоқ. Не тиянақты жұмысы жоқ. Көшеде сандалып, базарда, я болмаса, қылмыстық топтарда, я болмаса, басқа да адамның арына тиетін әрекеттерге баруға мәжбүр болып жүр. Міне, осы жағдайларды ойлаймыз мемлекет осы мәселені өзінің реформасы арқылы осындай жағдайға жеткізген соң, билік осы мәселені шешудің түбегейлі жолын іздестіруі керек. Біз бұл мәселе бойынша ауылдан қалаға көшіп келген жастарға мемлекеттік көмек деген бағдарламаны дайындап жатырмыз. Ол бағдарламада біз, ауылдан қалаға көшіп келген жастарға, біріншіден, мамандық беруге, екіншіден, уақытша болса да, қалаға тұрақты сіңісіп кеткенше еш болмаса жатақхана салып беруге бола ма? Мысалы, бұған мемлекеттің бүгін мүмкіншілігі бар ғой. Неге бұл мәселелерді жасамасқа?! Сонда ғана ауылдың жастары қалаға келіп, сол қалада өзіне лайықты орынды табар еді. Алтыншы мәселе бұл - біздегі баяғыдан бері айтылып келе жатқан шикізаттың мәселесі. Қаншалықты осы шикізаттан келіп жатқан пайда біздің елімізде тұрақты пайда әкеліп отыр? Қаншалықты сол пайда көбею керек? Біз тек қана сол шикізатты шексіз өндіре беру арқылы көбейтеміз бе пайданы, яки, оны тиімді түрде өндіру арқылы пайдасын көреміз бе? Біздің ойымызша, бүгінгі күні осы шикізат өндіретін компаниялармен, фирмалармен жасалған келісім-шарттарды қайта қарап, ол келісім-шарттарда, ең бірінші, сол табиғи рентадан түсетін пайданың 80 пайызы бүгін фирмаларға кетіп жатса, қайтадан 80 пайызы біздің мемлекеттің қазынасына түсу керек деп есептейміз. Шикізатты өндіретін өркениетті елдердің бәрінде бұл бар. Жүргізуші:- Мысалы? Жармахан Тұяқбай:- Мәселен, Норвегияны алсақ та, Англияны алсақ та, Венесуэланы алсақ та, бәрінде де осындай жағдай. Осы мәселе төңірегінде осындай шешімдер бар. Оларда да уақытысында осындай өздеріне тиімсіз шарттар қабылдап, кейін оны өзгертуге мәжбүр болды. Біз де осындай жағдайға баруымыз керек. Екінші мәселе табиғи ренталар шикізаттан түскен пайда, ол біреудің еңбегінен түсіп жатқан жоқ. Ол, жалпы, халықтың талқысына, халықтың бақытына берілген, Алладан келген деп айтсақ та болады, жер астында жатқан байлық. Ал да сата бер. Біз айтамыз, бұдан өндіріліп жатқан әр тонна мұнайды, әр тонна металдың әрқайсысында да Қазақстанның әр азаматының үлесі бар. Сондықтан, осы шикізаттан түскен табыстың, кем дегенде, 50 пайызы халыққа тоқсан сайын тиісті үлесін беріп тұру керек. Біздің есебіміз бойынша егер де осы бағытта тиісті дұрыс шешім қабылдайтын болсақ, 2008 жылдың өзінде туылған баладан бастап, кәрі шалға дейін, ақсақалға дейін әрқайсысы, кем дегенде, 60 мың теңгеден өз есеп-шотына түсер еді. Жүргізуші:- Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. 60 мың деген әрине, жақсы-ақ. Дегенмен, енді, бұл сайлау алдындағы бір жолғы популистік ұрандар емес пе? Оны айтып отырған себебім, енді, ақша бар. Жақсы. Енді оны бөліп берсек, ертеңгі күні инфляция болады. Яғни, ақшамыз топанға айналады. Былайша айтқанда, ақша құнсызданады да, бұл сайлау алдындағы берілген бір жолғы ұран ретінде қалады. Мұны айтып отырған себебім, өткен сайлауда да кейбір партиялар осылай ақшаны тарату керек дегенді айтты да, кейін ол жайына қалды. Жармахан Тұяқбай:- Мәселе оны таратуда емес. Таратып бүгін жаратып жіберетін жағдайлар да болады. Біз оның жүйесін толықтай қазір уақыт болмаған соң айта алмай отырмыз. Мәселен, оны міндетті түрде бүгінгі күнделікті қажетіне жарату емес. Оны тиісті жас баланың есеп шотына салып, келешекте оның жасы 18-ге толғанда бастапқы капитал болатын жағдай жасауға да болады. Оның әр түрлері бар. Бұл тек қана біздің ойымыздан шыққан мәселе емес. Бұл барлық менің жаңағы айтқан шикізат өндіретін, мұнай өндіретін елдердің бәрінде бар. Тәжірибе. Норвегияны алып көріңіз. Оның өзінде де сондай жағдай бар. Бағаның өсуі, тарифтың өсуі, инфляцияның көбеюін билік айтады, көп кезде, халықта ақшаның көптігінен. Халықта ақшаның көптігінен емес. Жалпы, бүгінгі мынау жергілікті биліктермен, орталықтағы биліктермен сыбайлас болып кеткен олигархтар мен монополистердің, солардың іс-әрекеттеріне билік жағынан тиісті тиым салудың жоқтығынан. Егер де осының бәріне жол қоятын болсақ, тиісті мемлекет өз тарапынан біздің елдегі ішкі энергоресурстар мәселесі бойынша бағаға тиісті реттеу жасайтын болса, бізде неге, мәселен, мұнайдың, я болмаса, бензиннің, жанар-жағар майдың бағасы дүниежүзілік бағамен бірдей болу керек. Біздің елге, өзіміздің ішкі сұранысымызға кететін, көп болса, 10 млн. тонна мұнай. Соның бағасын неге түсіріп, өзіміздің елдегі жаңағы тауар өндірушілерге арзан бағамен бермеске?! Сонда баға да түседі. Екінші жақтан, елдегі кәсіпорындар арасындағы бәсекелестіктің жоқтығы. Содан барып баға өсіп жатыр. Егер де бәсекелестік болатын болса, егер де кәсіпорындар, кәсіпкерлер шенеуніктерге байланысты болып, соларға жылына, кем дегенде, 20 пайыз өзінің тауып отырған табыстарын соларға беріп отыратын болса, оның бәрі, әрине, бағаның өзіндік құнына кетеді. Соның арқасында баға да өсіп жатады. Оның бәріне тоқтау салу керек. Біз көтеріп отырған, жетінші мәселе, бізде тіл, рухани мәдениет жайы да бүгінде сын көтермейтін мәселе. Себебі, бүгінгі күні біздің мемлекетте осы мәселелер жөнінде тұрақты, анық, халықтың көзі жететін, халық ұғатын саясат жоқ. Біз осы мәселе бойынша нақты өз қөзқарасымызды, өз ұсыныстарымызды енгізіп отырмыз. Жүргізуші:- Көрермендер жалпы саяси сайлауалды тұғырнамаларыңыздан қанық болды-ау деймін. Енді, дегенмен, осы уақытқа дейін партияңыздың тарапынан өздеріңіздің сайлаушыларыңызға осы уақытқа дейін не істелінді, жалпы, мысалыға, өздеріңіздің партияларыңыздың жақтастары кімдер деп есептейсіз? Кімдер мүше? Жармахан Тұяқбай:- Жалпы, бізде бүгінгі күні біздің елде әлі социал-демократиялық партия ол ортаңқол азаматтардың партиясы деп есептеу керек. Ал, бірақ, бүгінгі күні біздің елде сол ортаңқол азаматтар бар ма? Тап бар ма? Жоқ. Сондықтан да, бүгінгі күні біздің партия жалпы халықтың барлық сигментінен өз жақтастарын тауып жатыр. Бұл бизнесмендердің арасында, кәсіпкерлердің арасында. Ол зиялы қауымның арасында. Ол мұғалімдер мен денсаулық саласында жұмыс жасап жатқандар. Олар жай, қарапайым біздің елдің халықтары. Сондықтан, бүгінгі күні біздің партия тек қана мынандай бір топтың ғана, мынандай бір класстың ғана, мынандай әлеуметтік топтың мүддесін қорғайды деп айтуға болмайды. Жалпы халықтың мүддесін қорғаймыз. Жүргізуші: - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ұсынған 80 үміткердің бәрін Орталық сайлау комиссиясы партияның тізіміне тіркеді. Енді, осылардың арасында кімдерді атар едіңіз? Кімдер бар қатарларыңызда? Жармахан Тұяқбай:- Біздің партияның, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тізімінде 80 адам өткіздік. Оның бәрі тіркеуден өтті. Оның ішінде мен атайтын болсам, ол өздеріңізге белгілі саясаткер, белгілі қаржыгер - Ораз Жандосов, белгілі саясаткер - Әміржан Қосанов, Төлеген Жүкеев, Амалбек Тшан, ол, өткен парламенттің отырысында Конституцияның кейбір баптарына қарсы шыққан Болат Әбішев, ақтөбелік. Ол - Серікбай Әлібаев, павлодарлық. Ол - Маржан Аспандиярова, семейлік. Ол - Ермұрат Бапи, белгілі журналист. Осындай-осындай біздің тізімде көптеген азаматтар бар. Оның бәрінің атын атап отыруға біраз уақыт кетеді. Жүргізуші:- Электрондық пошта арқылы бір сұрақ келіп түсті. Оқып жіберсем. «Спорт деген елдің намысы. Ұлтты ұйытатын, бәрімізді біріктіретін де осы спорт. Халықты қанша саяси шара өткізсең де, зорлап басын қоса алмайсың. Бірақ осы спорттың құдіретімен ұлтына қарамай, халықты біртұтас қылуға болатын еді ғой. Өкініштісі, біздегі 7 партияның да тұғырнамасында спортты дамыту туралы бір ауыз сөз жоқ. Неге?» дейді Алматыдан Серік деген азамат. Жармахан Тұяқбай:- Менің ойымша, спорт біздің мына денсаулықты көтеру мәселесі, жалпы, халықтың мәдени, рухани дамуының бір бөлігі деп білемін. Сондықтан спорт, дене шынықтыру мәселесі арнайы көрінбесе де, ол мәселе түбегейлі еліміздің мақтанышы болатын, елімізді дүниежүзіне жария ететін азаматтарды қолдау ол осы елдің әр патриотының, осы елдің қолынан келетін әр азаматтардың ісі деймін. Мемлекеттік көмек те осы мәселе бойынша анағұрлым көп болу керек деп ойлаймын. Жүргізуші:- Жақында саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің «Жас Алаш» газетінде мақаласы жарияланды. Сонда мынандай бір сөздер айтылады. Сілтеме жасасам. «Оппозицияның бір қателігі - өзіміз көтерген идеяларды тек өзіміз ғана жүзеге асырсақ дейді. Әсілінде олар көтерген идеялардың билік тарапынан жүзеге асқанына да разы болу керек» дейді. Оған қалай қарайсыз? Жармахан Тұяқбай:- Мен бұл жерде бұл автордың айтып отырғанын жалпы қостасам да, жалпы, оппозиция оны білмейді деген мәселесіне келіспеймін. Біріншіден, біз, шынында да, ең басты алға қойған мақсатымыз, әйтеуір, елде оң өзгеріс болса дейміз. Ол біздің қатысуымыздан бөлек бола ма, қатысуымызбен бола ма – басты мақсат емес. Егер де елде бүгінгі билік болсын, яки болмаса, жаңадан келген билік болсын, кім келсе ол келсін, келіп елге демократиялық билік жүйесін орнатып, елде әділеттік орнатып жатса, елдің әлеуметтік тұрмыс жағдайын, халықтың көтеріп жатса, оның бәрін біз әр уақытта құптаймыз. Міндетті түрде біз келіп, осыны тек қана өзіміз жасау керекпіз деп отырған жоқпыз. Біз өз ұсыныстарымыздың талайын осы бүгінгі биліктің өзіне талайын бердік. Бүгін біз әлеуметтік бағытты алған экономика жайында үлкен концепция жасадық. Ғылыми тұрғыдағы үлкен еңбек. Міне, соның өзін бүгінгі күні билікке беріп отырмыз. Соны қараңдар, егер де мүмкіншілік болса, қажетіңізге жаратыңыз деп отырмыз. Жүргізуші:- Соңғы сауал. Барлық партиялардың жетекшілеріне қойып жатырмыз. Сайлау алдында сайлаушыларға айтар бір ауыз лебізіңіз болса, мүмкіндігіңіз бар. Жармахан Тұяқбай:- Құрметті сауйлашылар, сіздер білесіздер, 18-і күні таңдау болады. Сіздердің таңдауыңызда елдің тағдыры, мемлекетіміздің ары қарай қалай дамуы таразыға түседі. Сондықтан, осы жерде №1 тізімде тұратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға халық үшін, ел үшін аянбай тер төгіп, сол үшін еңбек ететін партияға дауыс берулеріңізді сұраймын. Жүргізуші:- Студиямызға келіп, әртүрлі сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет! Ат салысқан көрермендерге де алғыс білдіреміз. Бүгін студиямызда қонақта болған - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза. Бұл бағдарламаның ақысы Орталық сайлау комиссиясының сайлау қорынан төленгенін естеріңізге саламын. Ертеңгі «Бетпе-беттің» қонағы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары - Бақытжан Жұмағұлов мырза. Бағдарлама бүгінгідей кешкі сағат 21.30-да эфирге шығады. 18-тамыздағы сайлауды білесіздер. Барлығымыз бір кісідей қатысып, атсалысайық. Осымен бүгінгі «Бетпе-Бет» аяқталды. Сау болыңыздар! Әрқашан бетіміз жарық, жүзіміз жарқын болсын!
ОСДП
Источник: Акжол (новости)
Обсудить новость на Форуме